Ахат Сәлемхатұлы Күленов

Ахат Сәлемхатұлы Күленов (1932-2007).

Ахат Сәлемхатұлы Күленов – инженер-металлург, өнертапқыш, техника ғылымдарының кандидаты, Халық Қаһарманы.

1932 жылы 15 сәуірде Павлодар қаласында дүниеге келген.

Әке-шешеден ерте айырылды. Әкесі «халық жауы» ретінде қаза тапқаннан кейін Қаскелең (Алматы облысы) балалар үйінде тәрбиеленді. Жастық шағы соғыс, соғыстан кейінгі қиын жылдары өтті. Қазақ политехникалық институтын (1954, қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген. Өзінің бүкіл өмірін елдің түсті металлургиясымен байланыстырды. Көп жылдар бойы В.И. Ленин атындағы Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында әртүрлі салада қызмет атқарды. 1981 жылдан 1994 жылға дейін кәсіпорынды басқарды. Экономикалық құлдырау жылдары өнеркәсіп пен ұжымды сақтап қалды, Республиканың Халық банкі түсімдерінің 70 %-ын құраған алтын және күміс өндірісін құрды. Өндіріс мәселелерін шеше отырып үнемі еңбекшілердің мәселелеріне көп көңіл бөлді, қалада «Металлург» саябағын құрды, 1992 жылы қалалық акиматтың шешімімен «Куленовка» кентін тұрғызды. Ол Өскемен қаласының ең жақсы шағын аудандарының бірі  болып табылады. КСРО Жоғары Кеңесінің және Қазақ КСР-ның депутаты болып сайланды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына сайланды. Социалистік Еңбек ері, айрықша ерекшелік белгілері – Алтын жұлдыз және «Отан» ордені тапсырылып «Халық қахарманы» атағы берілді. Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Мемлекеттік сыйлықтың Лауреаты.

Зейнеткерлікке шықса да Ахат Сәлемхатұлы қол қусырып қарап отырған жоқ. Сограда «Алтын аймақ» тау металлургия корпорациясын құрды. 1998 жылдан «Алтын аймақ» АҚ-ның президенті. А. С. Күленов 130-дан астам ғылыми еңбектің авторы, жеке өзі және әріптестерімен бірге 100-ге жуық жаңалықтарды өндіріске енгізді.

Жапонияға барған сапарынан кейін Диснейленд саябағын құрған.

Өскемен қаласының инфрақұрылымының дамуына қосқан зор үлесі үшін 1996 жылғы 25 желтоқсанда «Өскемен қаласының Құрметті азаматы» атағы берілген.

Атақ берілген күні: 1996 жылғы 25 желтоқсан.

***

Әдебиеттер тізімі:

  • Күленов Ахат [Мәтін] // Қала көшелері олардың есімімен аталады [Мәтін] : 5-9 сынып оқушыларына арналған әдебиеттердің ұсыныс көрсеткіші / құраст. М. Қ. Мұқашева; жауапты К. Қ. Карчалова. – Өскемен: Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы, 2001. – Б. 17-19. – Есімдер көрсеткіші: 39 б.
  • Күленов Ахат [Мәтін] // Шығыс жұлдыздары [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық. 2-т. / құраст.: Ұ. Есдәулет, Қ. Құрмансейіт, Д. Кәпұлы ; ред. Қ. Құрмансейіт. – Астана, 2011. – Б. 278-279. : фотосурет.

***

Мерзімді басылым беттерінен:

  • Алғаш рет! Шағын аудандар мерекесі [Мәтін] // Өскемен. – 2012. – 25 қазан (№43). – Б. 24. Аннотация: Күленов шағын ауданының мерекесі туралы мәліметтер, А. С. Күленовтың өмір жолы қысқаша берілген.
  • Жақсының аты өлмейді [Мәтін] // Өскемен. – 2013. – 19 қыркүйек (№37) . – Б. 3 : фото. Аннотация: Қазақстанның атақты металлургы Күленов Ахат Сәлемхатұлына ескерткіш орнатылғандығы жайлы айтылған.
  • Күленов А. С. Халық қаһарманы [Мәтін] / А. С. Күленов // Дидар. – 1994. – 25 қазан. – Б. 3. Аннотация: Халық қаһарманының алтын жұлдызымен марапатталған А. С. Күленовпен сұхбат берілген.
  • Рағызбаева, Ақерке. Ауылына қарап, азаматын таны [Мәтін] / А. Рағызбаева // Өскемен. – 2012. – 8 қараша (№45). – Б. 2. Аннотация: Күленов кенті ресми атауға ие болғаны жөнінде.