Аюханов Болат Ғазизұлы

Аюханов Б.Ғ. (1938) – биші, балетмейстер, педагог. Қазақ балет өнерінің хас шебері, әлемге танымал биші, педагог, балетмейстер, Қазақстанның халық артисі (1973).

Болат Ғазизұлы Семейде 1938 жылы дүниеге келген. 1955 жылы Алматы хореографиялық училищесін, 1957 жылы Ленинградтың А. Я. Ваганова атындағы би академиясын бітірген. Қазақ опера және балет театрының бишісі болады (1957 – 1959). 1959 – 1964 жылдары ГИТИС-тің балетмейстерлік бөлімінде оқиды. 1967 жылы “Алматының жас балеті” ансамблін құрды. Сол жылдан бастап осы ансамбльдің билері мен хореографиялық миниатюраларды, композицияларды (“Аққу”, “Айтыс”, “Аңшылар биі”), бір, екі актылы балеттерді сахнаға қойды. Сондай-ақ Брусиловскийдің “Қыз Жібек” (Ш. Жиенқұловамен бірге), Д. Шостаковичтің 4-симфониясы бойынша “Қылмыс пен жаза”, П. Чайковскийдің “Евгений Онегин” т. б.  балеті негізінде қойылған гран па (жеке өзінің хореографиялық болжамдары) тәрізді жұмыстары қазақ балетінің ғана емес, дүние жүзілік балет тарихына енген жаңалықтары болды. Соңғы жылдары қойған “Эдит Пиаф – Францияның рухы” атты спектаклі сыншылар мен мамандардың жоғары бағасына ие болды.

Жастайынан осы бір өнер түрін пір тұтып өскен ол балетке бар ғұмырын арнап келеді. Атақтан да құралақан емес. Елу жылғы еңбегі оны дүние жүзіндегі танымал өнер тарландарының қатарына қосты. Сондықтан да болар, өзінің балет өнерін таңдағанына еш өкінбейді. Алғашқы осы өнер жолына балаң кезіндегі асқақ арманына қайраңдап орта жолда қалмағанына разы. Әрине, бар мүмкіндігін соңғысына дейін сарқып бердім деп есептемейді.

Бұл – болдым, толдым демейтін адамның ұстанантын қағидасы. Аса жоғары талапшылдығы. Әйтпесе Болат Аюхановтың алған асуларына екінің бірінің қолы жете бермейтіні ақиқат.

Аюханов “Менің балетім”, “Сезімдер өмірбаяны” кітаптарының авторы.

Отандық балет артистерін тәрбиелеп шығаруға да көп үлес қосты. Оның шәкірті Л. Әлпиева 1997 жылы Венада өткен халықаралық балет артистері конкурсының 1-сыйлығын иемденді.

Аюханов 1972 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Құрмет белгісі мен Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған, тәуелсіз “Тарлан” сыйлығының иегері.

Ал, Аюхановтың Санкт-Петербургте академиялық балет мектебінде бірге оқыған, марқұм болып кеткен балеттегі әріптесі атақты Рудольф Нуриев Б. Аюхановтың есімін XX ғасырдағы асқан өнер адамдары туралы кітаптар сериясына енгізуді өсиет етіп қалдырыпты. «Өнерлі өрге жүзер» деген осы.

Ол туралы:

Кітаптар:

Қазақстан Республикасының мемлекеттік би театры = Государственный театр танца Республики Казахстан [Мәтін] : фотоальбом. – Алматы : Өнер, 2013. – 240 б.

Қазақстан [Мәтін] : ұлттық энциклопедия. 1-т. А – Ә / ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы : Қазақ энцикклопедиясы , 1998. – 720 б.

Қазақ мәдениеті [Мәтін] : энциклопедиялық анықтамалық / ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі ; ред. М. Жақсылықова. – Алматы : Аруна, 2005. – 655 б.

Ізім, Т. Өркені өскен би өнері [Мәтін] : оқу құралы / Т. Ізім. – Астана : Фолиант, 2009. – 136 б.

 Мақалалар:

Аюханов Б. «Қатігез адам билей алмайды» [Мәтін]: [Аюханов өзі туралы, мамандығы туралы әңгімелейді] / Әңг.: М. Қожахметова // Ақ желкен. – 2002. – N 7. – Б.28 – 29

Аюханов Б. “Мен әлі Шыңғыс ханды ойнап жүрмін” [Мәтін]: [өзінің шығармашылығы туралы] / Сұхб.: Ж. Садыхан // Жас Алаш. – 2002 – 21 наурыз. – Б.6:портр.

Аюханов (Қуатов) Болат [Мәтін]: [өмірбаяны келтірілген] // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. – Алматы, 1998. – Б. 594.

Аюханов, Болат. Қазақстан балет бишілерін экспортқа дайындайды [Текст] / Сұхбат. А. Қабиденқызы // Жұлдыздар отбасы. – 2010. – № 6. – С. 6 – 9.

Сабағатұлы С. Өнерімен өмірін өрнектеген [Мәтін]  / С. Сабағатұлы // Егемен Қазақстан. – 1998. – 12 қыркүйек. – Б. 4.

Тұрмұхаметова, А. Рух пен тән үйлессе… [Мәтін] / А. Тұрмұхаметова // Парасат. – 2008. – №11 . – С. 5 – 7.

Иманғали, Мейрамтай. Өскеменге “Мәңгүрт” келді [Мәтін] / М. Иманғали // Дидар. – 2017. – 21 қараша (№136). – Б. 1, 8.