Инженер-металлург, «Халық Қаһарманы» Куленов Ахат Сәлемхатұлы (1932-2007).
Ахат Сәлемхатұлы 1932 жылы 15 сәуірде Павлодар қаласында дүниеге келген. Әкесі « халық жауы» ретінде қаза болғаннан кейін, Қаскелең (Алматы облысы) балалар үйінде тәрбиеленді.
1954 жылы Қазақ политехника институтын бітіргеннен кейін, Өскемен қорғасын-мырыш зауытына жұмысқа тұрады. 1954-71 жылдар аралығында ол қатардағы балқытушыдан химия-металлургия цехының бастығына дейін көтеріледі. 1971-81 жылдары Өскемен қорғасын-мырыш комбинатының бас инженері, 1981-87 жылдары бас директоры, 1987-91 жылдары «Қазполиметалл» мемлекеттік өндірістік бірлестігінің бас директоры, 1991-95 жылдар аралығында «Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты» ЖАҚ-ының президенті қызметтерін атқарды.
Ахат Сәлемхатұлы 130-дан астам ғылыми еңбектің авторы, жеке өзі және әріптестерімен бірге 100-ге жуық жаңалықтарды өндіріске енгізді. Оның басшылығымен Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты түсті металлургия саласында Орта Азия аумағындағы ең ірі кәсіпорынға айналды. Куленовтың тікелей басшылығымен Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында дүниежүзілік практикада тұңғыш рет қорғасынды автогендік технология бойынша өндірудің жаңа кешені – КИВЦЭТ процесі игерілді. Бұл технология қазір «Самим» фирмасының қорғасын зауытында (Италия) пайдаланылады, оны «Коминда» фирмасы да (Канада) іске асыруды бастаған. Куленов әлеуметтік-экологиялық арнаулы бағдарлама негізінде «Куленов» кентін салу шараларының басы-қасында болды. Қазіргі уақытта сәулетті екі немесе үш қабатты коттедждер бой көтерген экологиялық жағынан таза кентте мыңдаған кәсіпорын жұмысшылары тұрып жатыр.
Ахат Сәлемхатұлы 1981 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің, 1990 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің сенаторы болып сайланды. 1963 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1971 жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1974 жылы «Октябрь Революциясы» ордендерімен марапатталған. 1994 жылы ол ең жоғарғы атақ «Халық Қаһарманы» атанды.
Тынымсыз еңбектің арқасында 1998 жылы Қазақстан түгілі ТМД көлемінде бұрын-соңды кездесіп көрмеген жаңа өндірісті өмірге әкелген А. С. Куленов 2002 жылдан бастап алтын өндіретін «гидрометаллургиялық заводты» іске қосты. Шығыс Қазақстан өңірінде алтын өндіруді көздеп, әрекет еткендер аз емес. Алайда, Кенді Алтайдың алтынын жер бетіне шығарып «жарқырата» алған ешқайсысы жоқ. Құрамында мышьяк секілді улы қоспалары көп кездесетін тұтасқан алтын кеніштері қарапайым металлургиялық әдіспен алынбайды. Гидрометаллургиялық завод «Алтын аймақ» корпорациясы жабық акционерлік қоғамы Краснояр химия, химиялық технология және биофизика ғылыми академиялық институттарымен бірлесе отырып жасап шығарған бактериологиялық тәсілмен алтын өңдеуге арналған жаңа технология негізінде салынған. Корпорация басшыларының көптен күткен күндері де келіп жетті. Айрықша өнеркәсіп 2003 жылдың қазан айында алғашқы алтын құймасын берді.
Қазіргі уақытта Ахат Сәлемхатұлы Өскемен қаласының құрметті азаматы, дербес зейнеткер, елге беделді ақсақал.
Әдебиеттер:
- Елубай О. Ахаңның алтын зауыты: [«Алтын аймақ» кәсіпорнының салынғаны туралы] / О. Елубай // Егемен Қазақстан. – 2002. – 15 мамыр. – Б. 1.
- Елубай О. Ахаңның алтын зауыты: [Халық қаһарманы, елге беделді ақсақал А. С. Күленов туралы] / О. Елубай // Егемен Қазақстан. – 2002. – 9 қаңтар. – Б. 1.
- Жақсының аты өлмейді [Мәтін] // Өскемен. – 2013. – 19 қыркүйек (№37) . – Б. 3 : фото.
- Куленов Ахат Сәлемхатұлы // Қазақстан: Ұлттық энциклопедия. – Алматы, 2003. – Б. 117.
- Мұқатай Ж. Алтынымызбен әйгіленетін күн туды / Ж. Мұқатай // Дидар. – 2002. – 1 қаңтар. – Б. 2.
- Рағызбаева, Ақерке. Ауылына қарап, азаматын таны [Мәтін] / А. Рағызбаева // Өскемен. – 2012. – 8 қараша (№45). – Б. 2.