Ораз Әбішұлы Әбішев

Ораз Әбішұлы Әбішев – кинорежиссер, Қазақстанның халық әртісі.

Қазақстан деректі киносының ірге тасын қалап, негізін салған, Қазақ ССР-нің Халық әртісі, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ораз Әбішұлы Әбішев өзінің бүкіл ғұмырын, саналы өмірін деректі кино өнеріне арнады. Бүкіл шығармашылық жолын республикадағы кино өнерінің дүниеге келу және даму тарихымен тығыз байланыстырған режиссер өзінің елу жылдық шығармашылық ғұмырында жетпіске жуық деректі фильм және үш жүзден астам киножурналдар шығарды. Бүгіндері бұл шығармалардың әрқайсысы халқымыздың жартығасырлық экрандық шежіресіне айналып та үлгерді.

Ол 1916 жылы бірінші мамырда Семей облысы (Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Абыралы ауданының Қайнар ауылында дүниеге келді. Әкесі Әбіш кезінде Абыралы, Қу аудандарында болыс, Кеңес өкіметі жылдары Қарқаралыда уездік сот қызметтерін атқарады. Кейін, Семей қаласында қорғаушы (адвокат) қызметінде жүріп, 1944 жылы дүниеден қайтты. Анасы Зағипа домбыра мен сырнайда бірдей ойнап, сызылта ән салатын. Сондай-ақ, он саусағынан өнер тамған, қолөнер жұмысына шебер адам болыпты. Анасының Мұқатай деген бауыры да тамаша ән салып, Әміре Қашаубаевтың шәкірті атанады.

Бала кезінен Ораз Әбішевтің тұла бойына жақсы әкеден азаматтық, мейірімділік, адалдық, парасаттылық қасиеттері, ал ана сүтімен әншілік өнері дарыды.

Жастайынан өнер бұлағынан сусындап өскен Ораз ағаның бойындағы таланты мен талабын байқаған, жер-жерден талантты жастарды жинап жүрген Әди Шәріпов 1935 жылы Семейден Алматыға оқуға алып келеді. Сөйтіп, ол 1936 жылы Қазақ Музыка театрының жанындағы екі жылдық актер мектебіне қабылданады. Бұл кезең – республикамыздағы музыка өнерінің профессионалдық биік деңгейге көтеріліп келе жатқан тұсы болатын. Соның айқын дәлелі – опералық шығармалардың сахнаға батыл қадам басуы еді.

Алматыдағы Қазақ музыка театрында әнші болған Ораз Әбішев Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Қанабек Байсейітов сынды қазақтың біртума талантты перзенттерімен бірге сахнаға шығып, үлкен өнер мектебінен өтеді. «Жалбыр» операсында Қанабек Байсейітовтың дублері ретінде,  Міржақып Дулатовтың «Ер Тарғынында» – Сыпыра жыраудың, «Айман-Шолпанда» – Өзбектің, «Қыз Жібек» операсында – Сансызбайдың рольдерінде ойнаған болашақ кино шебері 1936 жылы Москвада өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады.

1938 жылы Ашхабадта өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне барған сапарында тамағына суық тиіп, сырқаттанып қалған Ораз Әбішев сахнаға шыға алмай қалады. Алматыға қайтып келген соң Құрманбек Жандарбеков: «Дауыс дегенге аса сенім жоқ. Кино мамандарын даярлайын деп жатыр. Қабілетің бар ғой, киноға ауыссаң қайтеді?» – деген ағалық ақылын айтады. Осы кезден бастап, әнші Ораз Әбішев өмірінде жаңа шығармашылық белес басталады.

Ораз Әбішевтің кино өнеріне келіп, көрнекті деректі кино режиссеры болып қалыптасуы кездейсоқ құбылыс емес еді. 1939 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің «қазақтың ұлттық киномамандарын дайындау туралы» арнайы қаулысы шығады да, Мәскеудегі Бүкілодақтық Кинематографистер институтына (ВГИК) бірнеше талантты қазақ жастарын оқуға жіберу керек деген шешім қабылданады. Көп ұзамай Ораз Әбішев оқуға аттанады. Бүкілодақтық Кинематографистер институтының режиссерлік факультетінде оқи жүріп, «Ленфильм» киностудиясында түсіріліп жатқан «Райхан» фильмінің режиссеры Моисей Левиннің ассистенті болады. Сонымен бірге, Г. Рошаль, А. Медведкин сынды белгілі режиссерлерден тағылым алған жас Ораз Әбішев «Ленфильм», «Мосфильм» киностудияларында үлкен тәжірибе мектебінен өтеді. Әсіресе, деректі кино өнерінің құпиясы мол, белгісіз қыр-сырын игеруге бел буған Ораз Әбішевтің кейінгі шығармашылық тағдырына совет деректі киносының көрнекті режиссерлерінің әсері мол болды.

Кеңес Одағына қарсы басталған неміс басқыншылығы елдің кинематографиялық өмірін күрт өзгертеді. Ораз Әбішев 1942 жылдың басында Алматыға уақытша көшіп келген «Ленфильм» студиясының ұжымымен бірге туған жеріне қайта оралады. Осындағы Біріккен Киностудиялар Орталығында (ЦОКС) жұмыс істей жүріп, совет киносының белгілі режиссерлерімен қызметтес болады.

Соғыс жылдары Біріккен Киностудиялар Орталығы жанынан киноактерлар мектебі ашылып, С. М. Эйзенштейн, В. И. Пудовкин, С. Д. Васильев, И. А. Пырьев, Л. З. Трауберг сияқты кеңес кино өнерінің атақты шеберлерімен қатар жүріп, Ораз Әбішев осы мектепте оқыған К. Қожабеков, Н. Жантөрин, Ш. Жандарбекова, Ә. Өмірзақова, Т. Қосыбаева т. б. сияқты қазақ сахна және кино өнерінің болашақ қайраткерлеріне «Актер шеберлігі» пәнінен дәріс береді.

Ораз Әбішев кино өнеріне ауысқан жылдары Алматы кинохроника студиясында негізінен арнайы тапсырмамен келген москвалық және ленинградтық кинооператорлар мен режиссерлер жұмыс істейтін. Осы кезеңде қазақтың алғашқы операторлары И. Тынышбаев, Ф. Әбсәлямов, М. Сағымбаевтар кино өнеріне келеді.

Ораз Әбішев Алматыға келген алғашқы жылдары өзінің дербес фильмін түсіруге асыға қоймайды. Деректі экранның маңыздылығын, үлкен жауапкершілігін сезінген ол, айлар бойы «Советтік Қазақстан» киножурналын монтаждайтын стол басынан кетпейді. Бұл ең алдымен, фильмнің кадрлары арасындағы өзара байланыс, өзге де көптеген компоненттерінің синтезі айналасындағы мәселелерді ұғынуға септігін тигізді. Сценарийде жазылған әрбір сөздің артында тұрған жанды кейіпкерлердің бейнесін көріп, әрбір көріністің бейнелік шешімін таба білу сияқты суреткерлік шеберлікке күн сайын, тіпті сағат сайын шыңдалу қажет болды. Ораз Әбішевтің бұл табандылығы мен қажырлылығы деректі экранға деген шексіз сүйіспеншілігімен жалғасын табады.

 «Советтік Қазақстан» киножурналының әрбір санында республикамыздағы өнеркәсіп орындарының соғыс кезеңіне лайықталып құрылған жұмысы, заводтар мен фабрикаларда, егіс далаларында күндіз-түні еңбек еткен еңбеккерлердің ерлігі жөнінде үздіксіз көрсетіліп отырды. Осы журналдың 1945 жылғы 11-ші санында Ораз Әбішевтің түсірген сюжеттері орын алады. Бұл – Оңтүстік Қазақстан облысындағы егістік алқабындағы егіншілердің, Алматы нан заводы жұмысшылары мен Қарағанды шахтерларының еңбегін бейнелеген алғашқы сюжеттер болатын.

Қазақстанның деректі кино өнерінің негізін қалаған режиссердің елу жылдық шығармашылығы осылай басталады.

Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары, әсіресе, хроникалық-деректі кино өндірісі қарқынды дамиды. Республика өмірінде болып жатқан маңызды оқиғалар мен құбылыстар негізінен киножурналдар мен деректі фильмдерде көрініс тауып отырды. Егер 1945 жылы бар болғаны екі деректі очерк экранға шықса, 1946 жылдан бастап әртүрлі тақырыптағы фильмдер түсірілу қолға мықтап алына бастайды. Әрине, ең алдымен ауыл шаруашылығы, халық шаруашылығы, мәдениет пен өнер тақырыптары деректі экранның басты назарында болады. Алматы көркемсуретті және хроникалық фильмдер студиясының 1946 жылғы тақырыптық жоспарына енген он фильмнің ішінде «Қазақ колхозы» атты Ораз Әбішевтің сценарийі де бар болатын.

1946 жылы Ораз Әбішевтің «Біздің колхоз «Қызыл Ту» атты бірінші деректі фильмі экранға шығады. 1947 жылы режиссердің екі бірдей: республиканың соңғы отыз жыл ішіндегі жетістіктері туралы «Біздің рапорт» және атақты күйші Дина Нүрпейісоваға арналып, биографиялық фильмдердің алғашқы бастамасы болған «Дина», 1948-50 жылдары «Алыс жайлауда», «Қазақстан әндері» фильмдері түсіріледі.

Сонымен, Қазақстан киносының тарихы, соның ішінде деректі кино режиссурасында алғашқы ұлттық маман пайда болып, деректі кино өнерінің жаңа беттері ашылады.

Кейінгі қырық жыл шығармашылығында Ораз Әбішевтің «Дина», «Халық таланттары», «Абай», «Қазақ жерінде», «Жұмысшы қыздар», «Біздің қалада», «Екінші тың шақырады», «Апа», «Тарихпен тілдесу», «Ашық алақан сыры», «Тастағы таңбалар», «Бір хаттың ізімен», «Абсент», «Талғаттың биік аспаны», «Ән мен жыр дүлдүлі», «Мұқан Төлебаев», «Жыраулар», «Қалыбайдың бағы», «Рәпия» сияқты т. б. деректі кинолары шықты.

Қазақ деректі киносының «алтын қорына» енген талантты шығармаларында тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл совет деректі киносының ең үздік, ең алдыңғы қатарлы даму тенденциясы көрініс тапты. Бұл фильмдер, ең алдымен, сан түрлі тақырыптың әрқилы жанрда көрсетіліп, көркемдік шешімін әрқалайша табатындығымен қызықты. Таңдап алынған тақырыптар әртүрлі жанрда: деректі очеркте, фильм-репортажда, фильм-эсседе, деректі повестте өзіндік көркемдік шешімін сәтті табады. Режиссер деректі материалды осы жанрлар аумағында өзіндік ерекшелігі бар, қызықты көркемдік формаға енгізеді. Бұл – шығарма негізінде жатқан материал және режиссердің алдына қойған мақсаты төңірегінде жылдар бойғы тынбай ізденулер мен маңдай терін төккен еңбектің арқасында келді.

Ораз Әбішев кино өнеріне келген алғашқы жылдарында-ақ, деректі фильмнің сәтті шығу-шықпауы ең алдымен кейіпкер тұлғасының бітім-болмысына байланысты екендігін түсінді. Өйткені, егер, көркемсуретті кино драматургиясының басты назарында алдымен сюжет, содан кейін кейіпкердің тұлғасы тұрса, ал деректі кинода керісінше: алдыңғы қатарға қойылған кейіпкердің мінез-құлқы, жасаған маңызды ісі, ерекшелігі шығарманың сюжетін, атмосферасын, бейнелеу қатарының құрылымын, тіпті кейде жанрлық ерекшелігін анықтайтынын әрдайым жадында ұстайды. Сондай-ақ, Ораз Әбішев фильмдерінің әрқайсысындағы кейіпкердің болмысы өзі өмір сүрген уақыттың тыныс-тіршілігімен және бүтін бір ұрпақтың тағдырымен біте қайнасып кетеді.

Өнеркәсіп орындары мен жаңа қалалар құрылысының қарқынды даму барысының әсері республика өміріне түбегейлі өзгерістер алып келуі «Біздің қалада», «Қазақ жерінде», «Жұмысшы қыздар», «Шахтерлар әулеті» фильмдерінде, ауыл шаруашылығы тақырыбы «Біздің колхоз «Қызыл Ту», «Біздің рапорт», «Алыс жайлауда», «Гүлденген дала», «Екінші тың шақырады», «Арман аралы», «Желден жүйрік», «Мәукеннің ата-мекені», «Қалыбайдың бағы», «Сатан Ысқақовтың он екінші биігі» сияқты фильмдерінде көрініс табады. «Қазақстан әндері», «Халық таланттары», «Құрманғазы атындағы оркестр», «Сәлем, Москва», «Жыраулар» фильмдері өркендеп, кең қанат жая бастаған қазақ өнері мен мәдениетіне арналса, ал, «Баянауыл», «Бурабай», «Денсаулық аралы», «Алматы» фильмдерінде Қазақстанның көрікті сұлу табиғаты жырланады.

Сондай-ақ, Ораз Әбішевтің шығармашылығында жеке тұлғалардың өмір жолына арналған «Дина Нүрпейісова», «Абай», «Апа», «Мұқан Төлебаев», «Ән мен жыр дүлдүлі», «Қажымұқан», «Талғаттың биік аспаны», «Рәпия» сияқты фильмдер көптеп орын алады.

Әр ұлттың өнері мен әдебиеті формасы жағынан ұлттық, ал мазмұны социалистік болуы керек деген қағидаға бағынышты болып тұрған сонау алпысыншы жылдардың өзінде-ақ, көне ғасырдан келе жатқан қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдениеті және оның бүгінгі күнмен үндестігі тақырыбы О. Әбішевтің назарынан тыс қалмайды. Осы тақырыпта түсірілген «Тастағы таңбалар», «Ашық алақан сыры», «Тарихпен тілдесу» фильмдеріне дейін қазақ деректі киносында ұлттық сана-сезімді жаңғыртқан, ойлануға итермелеп, ешкімді бей-жай қалдырмаған мұндай шығармалар жоқтың қасы болатын. Сонымен қоса, «Бір хаттың ізімен», «Бір жаздағы бес кездесу», «Апа», «Абсент» сияқты режиссер шығармашылығының жарқын беттері болып қалған фильмдері Қазақстан деректі киносының классикалық шығармаларына айналды.

Режиссер шығармашылығының ең бір кемелденген тұсында, яғни сексенінші жылдары түсірілген «Қалыбайдың бағы», «Рәпия» фильмдері қазақ ұлттық деректі кино өнерінде ерекше орын алады. «Фильмдерімнің қаншалықты сәтті шыққан-шықпағанын, – дейді режиссер, – көрерменнің өзі бағалай жатар. Алайда, соңғы түсірген «Рәпия», «Қалыбайдың бағы» фильмдері өзіме үлкен шығармашылық ләззат әкелді. Бұл фильмдердегі кейіпкерлерім – өмірге бейберекет қарамайтын, жақсылықты өз қолымен, өз күшімен жасауға тырысатын жайсаң жандар. Әрине, ондай адамдар туралы әңгімелегенде, өзің де селқос қала алмайсың».

Ораз Әбішев шығармашылығына көз сала отырып, режиссер үшін ең бастысы – адамға деген сүйіспеншілік пен оның тағдырына ерекше назар аудару екендігіне көзіміз жетеді. Ол үшін фильмдерінің кейіпкеріне айналған әрбір адам мінез-құлқымен, жасаған ісімен, азаматтық бітім-болмысымен, тұлғалық ерекшелігімен аса қымбат. Сонымен бірге, кез-келген фильмі әуендік қасиетімен дараланып тұрады. Әсіресе, ән оның туындыларының қан тамырларында бірге ойнап, фильмнің сюжеттік жүйесімен бірігіп кетеді.

Уақыт өте келе, ХХ ғасырдың, жартығасырлық шежіресін тарихтан тапқысы келетін, қазақ жерінің қайта жаңғыру жылдарының қандай сатылардан өткенін білуге талпынған, кешегі мен бүгінгі күнді салыстырғысы келген ұрпаққа Ораз Әбішевтің деректі кино әлемі көп сыр ақтарары анық.

Ол туралы:

  • Алладан иман тілейміз [Мәтін] : дерек // Дарабоз. – 2013. – №3. – Б. 52-53 : портр. – (Өлді деуге бола ма?…).

vvvvvvvv

Ол туралы:

Алладан иман тілейміз [Мәтін] : дерек // Дарабоз. – 2013. – №3. – Б. 52-53 : портр. – (Өлді деуге бола ма?…).