Тұрсын Жұртбай –әдебиетші, жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы.
Әдебиеттің тарихи мәртебесі көтеріле түскен сайын оның өзекті қасиеті – ақиқат – таным ақиқаты, таным дәйектілігі де айқындала түсуде. Қазіргі рухани жүгімізді тереңдей тануға құлшыныс үрдісінде әдебиеттің, әдеби деректердің ерекше құндылығын осы заңдылықтан деп ұққан орынды сияқты. Бұл, әрине, әдебиеттің дара қасиеттерін айқындап, әлеуметтік мәртебесін қанық көрсетіп берді. Тәуелсіздік тынысы ұлттық әдебиеттің елдік тынысын ашты. Ұлттық әдебиеттің қымбат қасиеттері бұрынғыдан әлдеқайда бедерленіп көрінетін болды. Ендігі жерде оқырман жұртшылық әдебиетке тек әдебиет, әдеби шығарма деп қана қарап қоймай, әдебиеттен ұлттық рухани мәдениеттің кенішін іздейтіндей. Қалың оқырманның тарихи мәселелерді деректер арқылы талдауға тартып тұратындығын осы тұрғыдан әбден түсінуге болады. Деректі көркем талдаулар тарихи сананы жаңғыртып қалыптастыруда ұтымды әлеуметтік мәнін танытты. әдебиетші, жазушы Тұрсын Жұртбайдың кейінгі жиырма – жиырма бес жыл бойғы тынымсыз да, жігерлі ізденістерінен туындаған еңбектерін осы тарихы таным арнасынан көреміз.
Тұрсын Жұртбай 1951 жылы 15 тамыз күні Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) облысы, Абай ауданының Шаған ауылында дүниеге келген.
Қазақстан Жазушылар одағының Ш.Құдайбердіұлы атындағы «Алаш» және І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтарының лауреаты.
Пәкістан Республикасының (1996), ЮНЕСКО – ның (1997) Құрмет Грамотасымен, «Қазақстан Республикасының ғылымына сіңірген ерекше еңбегі үшін» белгісімен марапатталған.
Поэзияда да, прозада да қалам толғаған, талантты қаламгер тарихи-көркемдік үрдіс қойнауларына ой жүгіртіп, зердеге түйген терең барлаулары мен талдаулары кенен қыртысты кен қопарғандай жемісті болды. Жазушының бұрынырақтағы ұлы суреткер Мұхтар Әуезов шығармашылығының құпияларын зеректікпен талдап ашқан шығармалары қалың қазақтың көкейіне қона кеткен еді. Мұхаңды жатқа оқып, суреткердің түйінді сөздерін жадына түйген оқырман алдында қазақ елінің алдында асыл текті суреткерінің жан қалтарыстары екінші бір, тағдыр суреттері арқылы жарқырай ашылған-ды. Мұхтар Әуезов мұрасы жайлы зерттеулер де, талдаулар да баршылық.. Ұлы суреткер шығармаларын талдап, тану үрдісі таңсық іс. Соған қарамастан Тұрсын Жұртбай әуезовтануға өз жолымен келіп, өз пікірін қосты. Тұрсын талдауларынан кейін Мұхаңның ұлы мұраларының тағы бір табиғи қырлары ашылып, оқырман қауым сүйікті жазушысының көркемдік – эстетикалық танымының терең ағыстарына бойлай жүзетін болды. Дүниеге мәлім эпопеяның тарихи өзектерін, протиптерін талдау, көркемдік лабораториясын ашу Әуезов оқырмандарын роман толғамдарын тағы бір ой елегінен өткізуге бастады. Бұл – әдеби үрдісті байытып, ұлттық әдебиетті құнарландыратын ізденіс жолы.
Көпшілік көкейіндегісін қозғаған әдеби талдаулар әлеуметтік – тарихи шындықтың көпке мәлім бола қоймаған қалтарыстарын ашып берді. Алты Алаштың сөзін сөйлеп, ұлттық мүдде жолында құрбан болған қайраткерлердің тағдыры Тұрсын еңбектерінде жаңа өмірін жалғастырғандай еді. «Талқы» кітабының көпшілікке тез танылып, жұрттың қызығып оқитын кітабына айналуы да сондықтан.
«Ұраным – Алаш!» атты кітабы «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген тергеу ісінің негізінде жазылған. Автор 1988-1991 және 1997 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік (қазіргі Ұлттық қауіпсіздік) комитетінің архивіндегі жүзден астам «мемлекеттік аса құпия құжаттармен» танысып шығуға мүмкіндік алған. Автор Алаш ардагерлерінің тағдырына қатысты жиырма жылға жуық жинақтаған тарихи құжаттарын тергеу деректерімен жан – жақты салыстыра отырып, тың пайымдаулар ұсынады.
Тұрсын Жұртбайдың «Сүре сөз» атты кітабы – толғау-эсселері тәуелсіздігіміздің барлық шеруі мен шерін қамтыған, тұйықталған өмір мен толқыған көңілдің пернесін басып, ой сараланған сүрелі сөз шежіресі болып табылады. Жазушының ашық та, ащы пікірі, саралы да сүрелі ойлары, жанымыздың жарасын емдеп, жадымызды жаңғыртуға ұмтылған шынайы шындықтар бүгінгі тәуелсіз қоғамымыздың ойлау жүйесін қалыптастыруға белгілі дәрежеде негіз қалады. Бұл жинақ қоғамтану саласы мен көркем ойдың даму жолына ынталы жалпы көпшілік қауымға арналған.
«Дулыға» – «түрік» деген сөздің баламасы. Жазушы бұл кітабында көшпелі тайпалар тарихында қадым заманнан бері есімдері есте қалған немесе тасқа қашалып, қағазға хатталған ірі тұлғалардың тағдырына сана сәулесін түсіру арқылы арғы тегімізді түгендеп, баба мен ұрпақтың, ұлыс пен ұлттың арасындағы алтын өзекті жалғап, тамырымызды тануды мұрат тұтқан. Ал, кітаптың екінші томында түркі және оғыз – қыпшақ дәуірлері қамтылған. Сол кездерде өмір сүрген бабаларымыз Қоқаннан бастап, әйгілі Бейбарысқа дейінгі баһадүрлердің тағдыры сөз болады.
Ол туралы:
- Қирабаев, Серік. Зерде зері [Мәтін] // Қирабаев С. Тәуелсіздік рухымен. – Астана, 2002. – Б. 381-385.
- Жұмағұл, Сағымбай. Сан қырлы азамат [Мәтін] / Б. Бисұлтанұлы // Ана тілі. – 2017. – 3-9 тамыз (№31). – Б. 5.
- Оразбек М. Рухани ізденіс [Мәтін] / М. Оразбек // Жұлдыз. – 2005. – №7. – Б.143-154.
- Жұртбай, Тұрсын. Мұхтар Әуезовтің “казправдамен” шарпысуы [Мәтін] / Т. Жұртбай // Қазақ әдебиеті. – 2018. – 28 қыркүйек (№38). – Б. 3,16.
Шығармалары:
- Жұртбай Т. Абай алдында [Мәтін] / Т. Жұртбай. – Алматы: Жалын, 1987. – 12 б.
- Жұртбай Т. «Бесігіңді аяла!..» [Мәтін] / Т. Жұртбай. – Астана: Фолиант, 2003. – 504 б.
- Жұртбай Т. Болашақтың бәйтерегі [Текст]: әңгімелер, хикаяттар, роман – новелла / Т. Жұртбай. – Алматы: Қайнар, 2007. – 368 б.
- Жұртбай Т. Сүре сөз [Мәтін] / Т. Жұртбай. – Алматы: Экономика, 2005. – 400 б.
- Жұртбай Т. Талқы [Мәтін] / Т. Жұртбай. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 368 б.
- Жұртбай Т. «Ұраным – Алаш!..» [Мәтін] / Т. Жұртбай. – Алматы: Ел – шежіре, 2008. – 472 б.