Шәкір Әбенов

Шәкір Әбенов (1901 – 1994) –  халық ақыны, фольклоршы, сазгер.

Абай мен Шәкәрімді, Мұхтарды тудырған Шыңғыстаудың қасиетті топырағы талантқа кенде болып көрген емес.

Солардың бірі – бірегей талант иесі, халық ақыны, өмірдің талай қиын соқпақтарын көрген, талайлы тағдырын отқа да, суға да  салған, сүңгілі көк мұзға лақтырған, бірақ мойыта алмаған Шәкір Әбенов.

Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылында туған. Ауыл молдасынан дәріс алған, Семейдегі приход мектебінде, Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған. 1916 жылы Семейдегі ер балалар гимназиясына оқуға қабылданған.

Алапатты, құдіреті мен қасіреті таразыға тең түскен ғасырымызда дүниеге келген, өзі сол ғасырмен түйдей құрдас болған, тағдырдың талай сынына шыдаған, заманымыздың  шежіресі, ғажап туындылар дүниеге келтірген, әрі ақын, әрі композитор Шәкір Әбенов туралы шындық бүгінге дейін айтылған жоқ. Ол ұрпақтар құлағына тек аңыз – әңгімелер күйінде еміс-еміс келіп жетті. Олай болуының басты себебі – қай жерде, қашан болсын ақынның өз жүрегінің сөзін сөйлегені,  қара қылды қақ жарып әділдігін айтқандығы еді. Бірақ бұл жеке адамның басына тәу еткен  сталинизм заманына,одан кейінгі әкімші-әміршіл тоқырау дәуіріне ұнай қоймады. Сөйтіп, ақын жазықсыздан жазықсыз бір емес, екі рет репрессияға ұшырады.

Алайда, ақын осындай  тар жол, тайғақ кешуде жүріп, тағдырдың салғанына тамыры терең  емендей қасқая қарсы тұрып, өз нұсқасындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын, «Кейкі батыр», «Шыңғыстау»,  тағы басқа көптеген жыр–дастандарды дүниеге келтірді. Бірнеше әндер жазды. Үш ішекті домбырада ешкім білмейтін күйлерді орындады. Сондай-ақ, Дулат жыраудың көптеген мұрасын алғаш жинап, тапсырған да осы кісі болатын.   

Ер туады ел үшін,

Ер – елінің қорғаны.

Маңайына ел жиса,

Ұялы терек ордалы…

Шәкір Әбенов

Ғасырға жуық ғұмыр жасап, ғасырдай мағыналы өмір кешкен ақын тағдыры аяулы да қастерлі, үлкен құрметке лайық.

Әдебиет тізімі:

  • Әбенов, Шәкір. Шыңғыстау [Мәтін] : толғау-термелер, өлең-дастандар, аңыздар, мысалдар мен әңгімелер / Ш. Әбенов ; алғы сөз авт. А. Қадыров ; құраст. Д. Кәпұлы ; ШҚО әкімдігі. – Астана : Фолиант, 2011. – 504 б. : пор

Ол туралы:

  • Әбенов, Шәкір. Ер еңсесін ерлер биіктетер [Мәтін]  // Байжан-Ата, Сапар.  Өткеннен-мұрағат, өркенге-ұлағат: зерттеулер, толғаулар, эсселер. – Алматы, 1998. – Б. 167.
  • Әбенұлы Ш.  [Мәтін]: [қысқаша өмірбаяны] // Қазақстан жазушылары: XX ғасыр: анықтамалық. – Алматы, 2004. – Б. 45.
  • Кемелбаева, А. Шебер мен Мусанниф. Шәкір Әбенұлының хадістік қос әңгімесі [Мәтін]  / А. Кемелбаева // Мәжнүн жүрек: эссе, сұхбат / А. Кемелбаева. – Алматы : Алаш, 2013. – Б. 148-160.
  • Құсанбек, Бейбіт.  Халық ақыны – Шәкір Әбенов [Мәтін] // Құсанбек, Бейбіт.  Ғұмыр-дария. – Aлматы,  2008. – Б. 6-7.